Алматы облыстық Қапшағай орталық мешітінде «Имани жаз – 2026» жазғы сауат ашу курсы басталды
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен республика көлемінде ұйымдастырылып жатқан «Имани жаз – 2026» жазғы сауат ашу курсының салтанатты ашылуы Алматы облыстық Қапшағай орталық мешітінде өтті.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін бұл рухани-танымдық курс 10-15 жас аралығындағы балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыруға, олардың діни сауатын арттырып, ұлттық және рухани құндылықтарды бойына сіңіруге бағытталған.
Ашылу рәсімінде Алматы облысының бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлы сөз сөйлеп, қазақтың ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің:
«Бір Аллаға сыйынып,
Кел, балалар, оқылық!» –
деген өлең жолдарын келтіре отырып, білім алудың артықшылығы мен әдептіліктің маңызы туралы насихат айтты. Сондай-ақ жас шәкірттерге ақ батасын беріп, жазғы демалысты пайдалы өткізіп, білім мен тәрбиені қатар меңгерудің мәніне тоқталды.
Балалардың жас ерекшеліктеріне сай ұйымдастырылған жазғы сауат ашу курсында шәкірттерге Құран әліппесін үйрету, күнделікті дұғаларды жаттату, ислам әдебі мен көркем мінез қағидаларын түсіндіру бағытында сабақтар өткізіледі. Сонымен қатар оқушылардың рухани тәрбиесіне ерекше көңіл бөлініп, ата-ананы ардақтау, үлкенді сыйлау, отансүйгіштік және адамгершілік құндылықтарды дәріптейтін тағылымды дәрістер жүргізіледі.
Биылғы курсқа барлығы 53 шәкірт қабылданды. Оның ішінде 31 ұл және 22 қыз бала бар. Ашылу салтанатында қатысушыларға «Имандылық әліппесі» 1 және 2 кітаптары сыйға тартылып, тәттілер үлестірілді.
Алла Тағала жас шәкірттердің білімін арттырып, ізгілік пен имандылық жолындағы қадамдарына береке нәсіп етсін!



