Алматы облысы имамдарының Құрбан айтқа дайындық жиыны өтті
Алматы облысының бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлының жетекшілігімен Қасиетті Құрбан айтқа дайындық барысын талқылауға арналған арнайы жиын ұйымдастырылды.
Жиынға облысқа қарасты аудан имамдары қатысып, қасиетті мереке күндеріндегі жұмыстарды жүйелі ұйымдастыру мәселелері қарастырылды. Кездесу барысында бас имам ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Құрбан айтқа қатысты берген тапсырмалары мен бағыт-бағдарын таныстырды.
Жиында мешіттерде мерекелік бағдарламаларды өткізу, халыққа қолайлы жағдай жасау, құрбан шалу рәсімдерін талапқа сай ұйымдастыру, сондай-ақ qurban.muftyat.kz сайты арқылы жүзеге асатын онлайн және офлайн құрбан шалуды үйлестіру мәселелері кеңінен сөз болды. Сонымен қатар, құрбандық шалатын орындардың тазалығы мен санитарлық талаптарға сәйкестігі, арнайы жұмыс топтарын құру, шариғат талаптарының сақталуын бақылау және құрбан етін мұқтаж отбасыларға дер кезінде жеткізу бағытындағы міндеттер пысықталды.
Жиын соңында Мадияр қажы Тағайбайұлы дін қызметкерлерін ауызбіршілік пен жауапкершілікке шақырып, Құрбан айт күндері елге сапалы қызмет көрсетудің маңыздылығын атап өтті.


