Алматы облысында дін қызметкерлеріне арналған білім жетілдіру семинары өтті.
Алматы облысы, Алатау қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Алматы облысы өкілдігінің ұйымдастыруымен дін қызметкерлерінің білімін жетілдіруге арналған арнайы семинар өтті. Тағылымды жиынға өңірге қарасты мешіттердің имамдары мен дін қызметкерлері қатысып, діни білім мен кәсіби біліктіліктерін арттыру бағытында маңызды дәрістер тыңдады.
Семинар барысында дін саласындағы өзекті мәселелер қамтылып, қатысушыларға түрлі бағыттар бойынша мазмұнды лекциялар оқылды. Атап айтқанда, фиқһ пәнінен Азамат Дәулетұлы шариғаттағы құлшылық үкімдері мен күнделікті діни мәселелердің шешім жолдарына тоқталды.
Заң және концептуалды құжаттар тақырыбында Дауренбек Жандосұлы Қазақстан Республикасының дін саласына қатысты заңнамалары мен ресми құжаттарының маңызын түсіндірді.
Сондай-ақ, Нұрғали Ерланұлы ақида пәнінен әһлі сүннет сенім мектебінің негізгі қағидалары жөнінде дәріс оқып, қазіргі қоғамдағы діни тұрақтылықтың маңызына тоқталды.
Ал ислам тарихы бағытында Қайрат Қуат мұсылман өркениетінің қалыптасу кезеңдері мен ислам тарихындағы тағылымды оқиғалар төңірегінде мазмұнды баяндама жасады.
Семинардың негізгі мақсаты – дін қызметкерлерінің діни білімін жетілдірумен қатар, олардың қоғаммен байланысын нығайту, заманауи діни-ағартушылық жұмыстарды жүйелі жүргізуге бағыт беру. Жиын барысында қатысушылар көкейдегі сұрақтарын қойып, өзара тәжірибе алмасты.
Шара соңында Алматы облыстық «Қапшағай» мешітінің наиб имамы Мейрамбек Ақылбекұлы сөз сөйлеп, семинардың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, білім жетілдіру семинарына қатысқан дін қызметкерлеріне арнайы сертификаттар табыстады.
Аталған семинарға отызға жуық дін қызметкері қатысып, рухани-танымдық бағыттағы маңызды мәліметтер алды.


