Алматы облысында діни қызметкерлердің білімін жетілдіру семинары өтті
Алматы облысы Қарасай ауданында дін қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға арналған арнайы семинар ұйымдастырылды.
Семинарды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы, Республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі Бауыржан Әбдуәлі арнайы келіп жүргізді. Жиын барысында Алматы облыстық “Қапшағай” мешітінің наиб имамы Мейрамбек Ақылбекұлы келген қонақты жиналған имамдарға таныстырып, семинар жұмысына сәттілік тілеп, сөз кезегін арнайы мейманға ұсынды. Кездесу барысында шариғат мәселелері, пәтуа беру әдебі, қазіргі қоғамдағы діни сұрақтарға жауап беру тәсілдері, жамағатпен жұмыс жүргізудің маңыздылығы секілді өзекті тақырыптар кеңінен талқыланды. Сонымен қатар имамдардың діни білімін жетілдіру, бірізділік пен жауапкершілікті арттыру мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Семинар аясында қатысушылар өзара пікір алмасып, тәжірибелерімен бөлісті. Танымдық басқосуға 50 имам қатысты. Жиын соңында білім жетілдіру курсына қатысқан 50 имамға арнайы сертификаттар табысталды. Аталған шара дін қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыруға, діни-ағартушылық бағыттағы жұмыстардың сапасын нығайтуға бағытталған маңызды басқосу болды.


