Алматы облысында Құран Кәрімнің 5 парасын жатқа оқу сайысы өтті
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Алматы облысы өкілдігінің ұйымдастыруымен Талғар ауданы, «Достық» мешітінде Құран Кәрімнің 5 парасын жатқа оқу бойынша облыстық байқау жоғары деңгейде өтті.
Берекелі шараның мақсаты – жас буынның қасиетті Құранға деген сүйіспеншілігін арттыру, шәкірттерді Құран жаттауға ынталандыру және ұлттық-рухани құндылықтарды дәріптеу болды.
Байқаудың ашылу салтанатында Алматы облысының бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлы құттықтау сөз сөйлеп, Құран жаттаудың адам өміріндегі орны мен артықшылықтарына тоқталды. Сондай-ақ қатысушыларға сәттілік тілеп, ақ батасын берді.
Сайысқа Алматы облысының әр өңірінен келген Құран шәкірттері қатысып, өз білімдері мен дайындықтарын сынға салды. Қазылар алқасының шешімімен үздік деп танылған қатысушылар арнайы ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
🏆 Жүлделі орындар:
🥇 І орын – Сүлеймен Ералы Қанатұлы (250 000 теңге)
🥈 ІІ орын – Қайырғалиев Абдурахман Батыржанұлы (200 000 теңге)
🥉 ІІІ орын – Кенже Ақжол (150 000 теңге)
Сонымен қатар, байқауға қатысқан барлық шәкірттерге ынталандыру сыйлықтары табысталып, олардың Құран жолындағы талпыныстарына ризашылық білдірілді. Шара соңында сайысқа әділқазылық еткен қари ұстаздарға арнайы қаржылай сыйлықтар мен алғысхаттар табысталды. Сондай-ақ байқаудың жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өз дәрежесінде өтуіне үлес қосқан азаматтар Алматы облысының бас имамы атынан арнайы алғысхаттармен марапатталды. Аталған Құран жарысы қатысушылардың білімін шыңдап қана қоймай, олардың қасиетті Құранға деген құрметі мен ықыласын арттыруға зор серпін берді. Мұндай рухани іс-шаралар жастардың имандылыққа бет бұруына ықпал етіп, қоғамдағы ізгілік пен бірліктің нығаюына қызмет ететіні сөзсіз. Алла Тағала Құранға қызмет етіп жүрген барша ұстаздар мен шәкірттердің еңбектеріне береке беріп, еліміздің тыныштығы мен татулығын баянды етсін!



