Алматы облысында құрбан шалу рәсімдері басталды
Қасиетті Құрбан айт мерекесіне орай Алматы облысында құрбан шалу рәсімдері басталды. Айт намазы оқылғаннан кейін өңірде арнайы белгіленген орындарда тұрғындар құрбандық шалу амалдарын жүзеге асыруда.
Облыс көлемінде ұйымдастырылған құрбан шалу алаңдарында санитарлық талаптар мен шариғат қағидалары толық сақталып, халыққа қолайлы жағдай жасалған. Арнайы мамандар мен мешіт қызметкерлері тұрғындарға бағыт-бағдар беріп, құрбандық рәсімдерінің дұрыс орындалуын қадағалауда.
Алматы облысының бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлы арнайы құрбан шалу алаңына барып, қасиетті Құран аяттарын оқып, ел амандығы мен жұрт тыныштығы үшін дұға жасады. Сонымен қатар жамағатты Құрбан айт мерекесімен құттықтап, айт күндерінің рухани маңызына тоқталды.
Сонымен қатар тұрғындар құрбандық шалуды офлайн түрде арнайы белгіленген орындарда жүзеге асыра алады. Сондай-ақ Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы іске қосқан арнайы онлайн платформа арқылы да құрбан шалуға мүмкіндік қарастырылған.
Qurban.muftyat.kz сайты арқылы азаматтар құрбандық малын таңдап, тапсырыс беріп, құрбандық етін мұқтаж отбасыларға үлестіруге ниет ете алады. Бұл қызмет әсіресе уақыт тапшылығы бар немесе алыста жүрген тұрғындар үшін қолайлы мүмкіндік ұсынады.



