preloader

Жаңалықтар

«ҚАРИЯСЫ БАР ЕЛДІҢ – ҚАЗЫНАСЫ БАР»: АЛАТАУДА ӘЖЕЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

«ҚАРИЯСЫ БАР ЕЛДІҢ – ҚАЗЫНАСЫ БАР»: АЛАТАУДА ӘЖЕЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Алатау қаласында Халықаралық қарттар күніне орай Ынтымақ шағын ауданындағы мешітте тағылымды кездесу өтті. Ізгі шара барысында ақ жаулықты әжелерге құрмет көрсетіліп, сый-сияпат жасалды. Аталған шараны мешіт ұстазы Гүлжанат Әкішқызы ұйымдастырды. Жиынның негізгі мақсаты – үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету дәстүрін дәріптеп, қарттардың қоғамдағы қадір-қасиетін айшықтау. Кездесу барысында әжелерге арнайы дастархан жайылып, жылы лебіздер айтылды. Ұйымдастырушылар тарапынан сыйлықтар табысталып, ақ жаулықты аналарға ізгі тілектер жеткізілді.
Шара барысында Ислам дініндегі ата-анаға және үлкенге құрмет көрсетудің маңызы сөз болды. Үлкендердің батасын алу, олардың ақыл-кеңесіне құлақ асу – халқымыздың сан ғасырлық салты әрі ұлттық тәрбиенің өзегі екені атап өтілді.
«Қариясы бар елдің – қазынасы бар» деген ұлағатты сөздің мәнін терең түсінген әжелер де өз кезегінде ақ баталарын беріп, ізгі шараны ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.
Мешіт жанындағы осындай тағылымды басқосулар қоғамда мейірімділік пен өзара құрметті нығайтып, ұлттық және діни құндылықтарды дәріптеуге бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып табылады.