Кеген ауданында «Дәстүрдегі отбасы құндылығы» тақырыбында тағылымды кездесу ұйымдастырылды
Кеген аудандық мәслихат залында ауданның ақсақалдары мен әжелерінің қатысуымен «Дәстүрдегі отбасы құндылығы» тақырыбында тағылымды кездесу ұйымдастырылды.
Кездесудің негізгі мақсаты – отбасы институтының маңызын дәріптеу, ұлттық құндылықтарды насихаттау және жас ұрпақ тәрбиесіндегі дәстүр мен діннің сабақтастығын кеңінен түсіндіру болды.
Іс-шара барысында Алматы облыстық Қапшағай орталық мешітінің наиб имамы Мейрамбек Ақылбекұлы баяндама жасап, қазақ халқының салт-дәстүрлеріндегі отбасы құндылықтарының орны мен тәрбиелік мәніне жан-жақты тоқталды. Сондай-ақ ол қазіргі жастар тәрбиесінде ата-бабадан мирас болып келе жатқан өнегелі жолды жалғастырудың, ұлттық болмыс пен рухани құндылықтарды сақтаудың маңыздылығын атап өтті.
Кездесу барысында қатысушылар отбасы бірлігін нығайту, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, ұлттық тәрбие мен діни құндылықтарды ұштастыру мәселелері төңірегінде пікір алмасты.
Аталған шараны Кеген аудандық «Әулие Абыз Әлмерек баба» мешітінің бас имамы Азим Сатыбалдыұлы ұйымдастырды.
Жиын соңында ақсақалдар мен ақ жаулықты аналар жастар тәрбиесіне қатысты өз ойларын ортаға салып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған мұндай кездесулердің маңыздылығын ерекше атап өтті.




