Кеген ауданында дін қызметкерлеріне арналған семинар өтті
Алматы облысы, Кеген аудандық «Әулие Абыз Әлмерек баба» мешітінде ауданның дін қызметкерлеріне арналған арнайы семинар ұйымдастырылды. Семинардың негізгі мақсаты – имамдардың діни білімін жетілдіру, кәсіби біліктілігін арттыру және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен концептуалды құжаттарды жан-жақты түсіндіру болды.
Іс-шара барысында қатысушыларға концептуалды құжаттар таныстырылып, ақида және фиқһ пәндері бойынша арнайы дәрістер оқылды. Атап айтқанда, Алматы облыстық Қапшағай орталық мешітінің наиб имамы Мейрамбек Абдрахманов концептуалды құжаттар аясында дәріс жүргізсе, Қапшағай орталық мешітінің наиб имамы Ақжол Әбдіқадыр ақида пәнінен сабақ өткізді. Сонымен қатар, Алматы облысы бойынша Шариғат және пәтуа бөлімінің жауапты маманы Азамат Дәулетұлы фиқһ пәнінен дәріс оқып, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Семинар барысында дін қызметкерлері өзара тәжірибе алмасып, діни қызметті жүйелі жүргізудің өзекті мәселелерін талқылады.
Аталған шараға Кеген ауданы бойынша қызмет атқарып жүрген 20 дін қызметкері қатысып, білімдерін жетілдіруге мүмкіндік алды.



