«Өткенге құрмет – тіріге міндет» атты тазалық шарасы өтті
«QAMQOR-SHARAPAT» салттық-қызмет көрсету орталығының бастамасымен, өңірлік мешіт қызметкерлері, еріктілер және жамағаттың белсенді қолдауымен «Өткенге құрмет – тіріге міндет» атты тазалық шарасы ұйымдастырылды.
Аталған игі шара аясында Алматы облысы, Талғар ауданына қарасты мешіттердің ұйытқы болуымен жамағат зират басына жиналды. Іс-шара барысында алдымен ата-бабалар рухына Құран аяттары бағышталып, дұға жасалды. Бұл – өткенге тағзым етіп, рухани сабақтастықты нығайтудың көрінісі.
Одан кейін қатысушылар зират аумағында тазалық жұмыстарын жүргізіп, айналаны қоқыстан тазартып, қабірлерді ретке келтірді. Мұндай жұмыстар қоршаған ортаны қорғауға, тазалық мәдениетін қалыптастыруға және ортақ құндылықтарды дәріптеуге бағытталған.
Іс-шараның басты мақсаты – тазалықты сақтау, табиғатты аялау және жас буынға тағылымды тәрбие беру. Қабірлерді күтіп-баптау – марқұмдарға құрмет көрсетудің, ата-баба аманатына адалдық танытудың айқын үлгісі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табады.


