preloader

Жаңалықтар

Құранмен нұрланған жүректер: Қонаевта әйелдер арасында рухани сайыс өтті

Құранмен нұрланған жүректер: Қонаевта әйелдер арасында рухани сайыс өтті

Алматы облысы, Қонаев қаласындағы орталық «Қапшағай» мешітінде әйел жамағаты арасында Құран Кәрім оқу жарысы ұйымдастырылды. Руханият пен имандылықты ұлықтауға бағытталған тағылымды шарада қатысушылар Қасиетті Құранның 30-парасын жатқа оқудан өзара бақ сынады. Жалпы, жарысқа 20-ға жуық әйел қатысып, жоғары дайындық деңгейін көрсетті.

Аталған іс-шара әйелдердің діни сауатын арттыруға, рухани кемелденуіне және отбасы мен қоғамдағы тәрбиелік рөлін нығайтуға бағытталған маңызды бастама болды. Қатысушылар Құран аяттарын ерекше ықыласпен, мәнерлеп оқып, көрермендерге рухани әсер сыйлады.

Жарыс қорытындысы бойынша үздіктер анықталып, жүлделі орындар иегерлері марапатталды:

  • І орын – Гайруллаева Азиза
  • ІІ орын – Ілияс Кәусар
  • ІІІ орын – Кемал Гауһар

Жеңімпаздарды Іле Алатау мешітінің ұстазы Хумарбек Айнұр және орталық «Қапшағай» мешітінің ұстазы Ахмадиева Гүлмира арнайы марапаттап, алғыс білдірді.

Пайғамбарымыз Мұхаммед ﷺ хадисінде: «Сендердің ең жақсыларың – Құранды үйреніп, оны өзгеге үйреткендерің» (Имам Бухари) делінген. Бұл жарыс та осы хадистің мазмұнын айшықтап, Құран ілімін үйренуге деген ынтаны арттыруға өз үлесін қосты.

Жалпы, мұндай рухани іс-шаралар әйел жамағатының діни білімін жетілдіріп қана қоймай, қоғамдағы ізгілік пен көркем тәрбиенің нығаюына ықпал етеді. Құран – адамзатты тура жолға бастайтын иләһи кітап. Сондықтан аналардың Құранға жақын болуы – ұлт болашағының рухани тұғырының берік болуына негіз болады.