РАЙЫМБЕК АУДАНЫНДА БАЛАЛАРДЫ ҚОРҒАУ КҮНІНЕ ОРАЙ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ШАРАЛАРЫ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ҚМДБ Алматы облысы өкілдігінің Жастар ісі секторының ұйымдастыруымен қайырымдылық шарасы өткізілді.
Игі шараға Райымбек аудандық «Әбдіғали Жетенұлы» мешітінің бас имамы Азамат Бексұлтанұлы мен Саржаз ауылындағы «Асан сопы» мешітінің имамы Біләл Мейірлан ұйытқы болды. Сондай-ақ «Саржаз Қарекет» қоры мен «Береке» сауда үйі демеушілік қолдау көрсетті.
Шара барысында аудандағы «Үміт саясы» күндізгі болу орталығында тәрбиеленіп жатқан 8 ерекше балаға, Саржаз ауылындағы «Күншуақ» бөбекжай-балабақшасының 204 бүлдіршініне және үй жағдайында тәрбиеленіп отырған 14 ерекше балаға мерекелік сыйлықтар таратылды.
Жалпы көлемі 650 мың теңгені құраған қайырымдылық көмек балаларға қуаныш сыйлап, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Ұйымдастырушылар бүлдіршіндерді мерекемен құттықтап, олардың денсаулығы мықты, болашағы жарқын болуына тілектестік білдірді.
Мұндай игі шаралар қоғамдағы қайырымдылық пен жанашырлық құндылықтарын дәріптеп, балаларға деген қамқорлықтың арта түсуіне ықпал етеді.


