ҰЙҒЫР АУДАНЫНДА ТОЙ МЕН АС БЕРУ МӘДЕНИЕТІНЕ ҚАТЫСТЫ ТАҒЫЛЫМДЫ КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Алматы облысы Ұйғыр ауданы Шонжы ауылдық әкімдігінде ҚМДБ-ның «Дін мен дәстүр» бағыты аясында той және құдайы ас беру мәдениетіне арналған рухани-танымдық кездесу өтті. Жиынның негізгі мақсаты – ұлттық салт-дәстүр мен шариғат талаптарының сабақтастығын дәріптеу, той мен құдайы ас өткізуде ысырапшылдық пен орынсыз бәсекелестіктің алдын алу.
Кездесуге ауыл әкімі М. Амангелді, аудандық мешіттің наиб имамы Данияр Р., №3 мешіттің имамы Әділжан А., Ақсақалдар алқасының мүшелері, жігітбасылар және қоғам белсенділері қатысты. Басқосу барысында той өткізу әдебі, құдайы ас берудің діни мәні, дастарқандағы ысырапшылдықтың алдын алу және ұлттық құндылықтарды сақтау мәселелері талқыланды. Қатысушылар той мен құдайы асты шариғат талаптары мен ұлттық дәстүрге сай, қарапайым әрі тағылымды өткізудің маңызын атап өтті. Сондай-ақ қоғамда ысырапсыз той мәдениетін қалыптастыру бағытындағы түсіндіру жұмыстарын жалғастыру қажеттігі сөз болды.


