Ұйғыр ауданында имамдарға арналған семинар және білім сайысы өтті
ҚМДБ-ның “Ислам және адал қоғам” жылы аясында Алматы облысы Ұйғыр ауданында аудан имамдарының біліктілігін арттыруға бағытталған арнайы семинар ұйымдастырылды. Аталған іс-шараны Ұйғыр ауданының бас имамы Әшірбаев Алмат Әбдімүтәліпұлы жүргізді. Іс-шараның негізгі мақсаты – дін қызметкерлерінің кәсіби деңгейін көтеру, діни сауаттылықты арттыру және уағыз-насихат жұмыстарын жүйелі дамыту болды.
Семинар барысында имамдарға діни қызметтегі жауапкершілік, жамағатпен жұмыс жүргізу әдебі, қоғамдағы имамның рөлі, сондай-ақ қазіргі кезеңдегі өзекті діни мәселелер төңірегінде маңызды бағыттар түсіндірілді. Қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, діни қызмет сапасын жетілдіру жолдарын талқылады.
Сонымен қатар, аудан имамдары арасында “40 парыз”, “Ақида” және “Неке” кітаптары бойынша арнайы білім сайысы өтті. Сайыстың мақсаты – имамдардың діни білімін жетілдіру, шариғи сауаттылықты арттыру және ізденіс мәдениетін нығайту болды.
Байқау барысында қатысушылар өз білімдерін сарапқа салып, дайындық деңгейлерін көрсетті. Нәтижесінде:
І орын – Ғалимов Шухрат, Ақсу ауылдық мешітінің ұстазы;
ІІ орын – Сайдошов Ақжол, аудандық орталық мешіттің наиб имамы;
ІІІ орын – Нұрахметов Тұрсынжан, Ақтам ауылдық мешітінің имамы иеленді.
Іс-шара барысында имамдардың ауызбіршілігі мен ынтымағы айқын көрініс тауып, рухани бағыттағы тәжірибе алмасуға мол мүмкіндік жасалды. Осындай тағылымды кездесулер дін қызметкерлерінің жауапкершілігін арттырып, ел игілігі жолындағы қызметтеріне серпін беретіні сөзсіз.




