Ұлы Жеңістің 81 жылдығына орай Талғарда қарилар қатысуымен рухани шара өтті
Алматы облысы Талғар ауданында Ұлы Жеңістің 81 жылдығына орай жас қарилардың қатысуымен тағылымды рухани іс-шара ұйымдастырылды.
ҚМДБ Жастар ісі секторының 2026 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес өткен шара барысында қарилар орталығының шәкірттері қасиетті Құран Кәрімді толық хатым етіп оқып, сауабын Ұлы Отан соғысында ел қорғап, Отан жолында жанын қиған ардагерлер мен барша марқұм батырлардың рухтарына бағыштады. Сонымен қатар жамағатпен бірге арнайы хатым дұғасы жасалды.
Тағылымды жиында Талғар ауданының бас имамы Ринат Маратұлы сөз сөйлеп, бабалар ерлігін ұмытпау – кейінгі ұрпақтың қасиетті парызы екенін атап өтті. Ол майдангерлердің ел мен жердің тыныштығы жолында жанқиярлық танытқанын айтып, олардың рухына әрдайым дұға жасап тұру – сауапты әрі өнегелі іс екенін жеткізді.
Рухани басқосу соңында еліміздің амандығы, халқымыздың бірлігі, жұртымыздың тыныштығы мен әлемдегі бейбітшілік үшін дұға жасалды.


