preloader

Жаңалықтар

«Жақсылық» ерікті жастары «Шарапат» орталығында қайырымдылық шарасын өткізді

«Жақсылық» ерікті жастары «Шарапат» орталығында қайырымдылық шарасын өткізді

Алматы облысының «Жақсылық» ерікті жастары «Шарапат» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына барып, қарттарға құрмет көрсетті.

Іс-шара барысында Алматы облыстық «Қапшағай» мешітінің наиб имамы Мейрамбек Ақылбекұлы қариялардың қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтті. Сонымен қатар мешіт жамағаты үлкендердің батасын алды.

Кездесу барысында өнерлі жастар домбырамен терме айтып, күй орындап, ата-әжелердің көңілін көтерді. Қарттар ақ баталарын беріп, жастарға ризашылықтарын жеткізді.

Бұл тағылымды шара ерікті жастар үшін үлкен тәрбие мектебіне айналды. Әрбір жас осындай игі істерге атсалысу — адамгершілік пен жанашырлықтың көрінісі екенін айтып, алдағы уақытта да қайырымдылық шараларына белсенді қатысуға ниетті екендерін білдірді.

Жастар ісі секторының жетекшісі Құдайбергенұлы Шохан қарттар үйінің ұжымына алғыс айтып, жұмыстарына береке тіледі. Үлкенге құрмет көрсететін ізетті де білімді жастарымыз көп болғай.